ШҚО-дағы алтын кен орнына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданында орналасқан Манка алтын кен орнын игеру кезінде аса ірі көлемде алаяқтық жасалды деген күдікке қатысты қылмыстық істі прокуратура бақылауға алды.

Фото: pexels

Қылмыстық-процестік шараларға кәсіпорынның шетелдік серіктестерінің ресми өтініші негіз болды. Тергеу жұмыстары байыту фабрикасын салу жөніндегі инвестициялық міндеттемелердің орындалмауына байланысты басталған.

– «Z Metals Holding Limited» компаниясы құрылтайшыларының өтініші негізінде 2026 жылғы 15 маусымда ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне жолданды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Оның барысы Бас прокуратураның бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жариялауға тыйым салынған, – деп хабарлады ШҚО прокуратурасынан.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы кен орнының қазіргі жағдайына қатысты мәлімет берді.

2013 жылдың желтоқсанында салалық министрлік «Manka» тау-кен компаниясы» ЖШС-мен қатты пайдалы қазбаларды барлау жөнінде келісімшарт жасасқан. Ал 2025 жылғы ақпанда кәсіпорынға жерасты әдісімен алтын өндіруге лицензия берілді. Кен орнындағы алтынның болжамды қоры шамамен 7 тонна деп бағаланған.

Өндірісті 2027 жылы бастау жоспарланған. Жоба аясында алтын өндіру фабрикасын салу көзделген. Осы мақсатта компания «АК Алтыналмас» АҚ-мен құрылыс-монтаждау жұмыстарына, сондай-ақ бірқатар мердігермен технологиялық жабдықтар жеткізуге қатысты келісімшарттар жасасқан.

– Бүгінгі таңда фабрика салу және жабдық жеткізу жөніндегі жасалған келісімшарттар іс жүзінде орындала бастаған жоқ. Аталған келісімдер бойынша аванстық төлемдер де жүргізілмеген. Шарттық міндеттемелерді орындауға инвестициялық қаржы түскеннен кейін кірісу жоспарланып отыр. Жобаның негізгі инвесторы – Түркияның Yildirim Holding компаниясы, – делінген басқарма мәліметінде.

Кәсіпорындарды түркиялық холдинг 5 млн АҚШ долларына сатып алғаннан кейін өндірістік міндеттемелердің орындалуы іс жүзінде тоқтап қалған.

Өндірістік қуаттарды дамытуға тікелей инвестиция салудың орнына, кен өндіруші құрылымдарға жылдық 25 пайыздық мөлшерлемемен 21 млн АҚШ доллары көлемінде несие берілген. Жоғары пайыздық мөлшерлеме кәсіпорын үшін тиімсіз қаржылық жағдай қалыптастырған. Соның салдарынан фабрика салынбай, шахтаның үш жыл бойы тоқтап тұруы кен қазбаларының жағдайын күрт нашарлатып, апатты деңгейге жеткізген.

Өндірістің тоқтап тұруы бюджетке түсетін салық түсімдеріне де әсер етті. 2021-2026 жылдар аралығында кәсіпорын бюджетке жалпы сомасы 358,6 млн теңге салық төлеген. Алайда соңғы жылы төлем көлемі шамамен 40 пайызға азайып кетті.

Кәсіпорынның өндірістік бөлімшесінің басшылығы құқық қорғау органдары тарапынан қандай да бір талаптар қойылғанынан хабарсыз екенін мәлімдеді.

– Инвестор компания Yildirim Holding-тің ықтимал қаржылық қиындықтары, оған қатысты қылмыстық тергеу жүргізіліп жатқаны туралы кәсіпорын басшылығында мәлімет жоқ, – дейді «Manka» тау-кен компаниясы» ЖШС директоры Александр Бабий.

Енді тергеу органдары стратегиялық маңызы бар кен орнын игеру жөніндегі келісімдердің не себепті орындалмағанын анықтап, несие беру кезінде қолданылған қаржылық тетіктердің заңдылығын тексеруі тиіс.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында алтынды заңсыз өндірген тоғыз адам анықталғаны хабарланған.