ШҚО-дағы апаттар медицинасы: дәрігерлер 281 оқыс оқиғаға барып, шұғыл көмек көрсеткен
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы апаттар медицинасы орталығында 13 дәрігер жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар 281 оқыс оқиғаға барды. Соның нәтижесінде 70-тен астам азаматқа көмек көрсетіп, 27 адамды эвакуациялаған.
Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері шалғайда жатқан және жету қиын елді мекендерге, медициналық мекемелерден жырақта орналасқан ауылдарға барып жұмыс істейді. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын су тасқыны кезінде Алтай ауданының тұрғындарына шұғыл түрде медициналық көмек көрсеткен.
Орталық дәрігерлері жануарларға да көмекке келеді. Өткен жылы Өскемендегі тұрғын үйде өрт шыққан кезде өрт сөндірушілер уланған екі бенгал мысығын сыртқа алып шықты. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жасанды тыныс алу аппаратын және тиісті реанимациялық шараларды қолданып, жануарларды аман алып қалған.
«Көбінесі жол-көлік оқиғаларына шақырту түсіп жатады. Түрлі жарақат алған жолаушылар болады. Оқиға орнына келіп, зардап шеккендерді тексеріп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Содан кейін ауыр жарақаттанған азаматтарды жақын жердегі медициналық мекемеге жеткіземіз. Біз елді мекендердегі тұрғындарға тәулік бойы көмектесуге әзірміз. Көбінесе үй шаруасында жүріп жарақат алғандар, қан қысымы жоғарылап кеткендер хабарласады. Тіпті әйелді босандырып алған кездеріміз де болған. Үш жыл бұрын автобус толған жолаушылар қар құрсауында қалған еді. Сол жерге барып, олардың жылынып алуларына жағдай жасадық», - дейді орталықтың жедел медициналық жәрдем бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Мұсабалинова.