Самар ауданының прокуратурасы мектепте Еңбек кодексі бұзылғандығын анықтады. Бұрын сотты болған адамдар заңсыз жұмысқа алынған.
«Атап айтқанда, бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған мұғалім мен 2 күзетші білім ордасында жұмыс істеді. Бұл Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағы 3-тармақшасының талаптарына қайшы», - деп хабарлады ШҚО Прокуратурасынан.
Сондай-ақ психиатриялық бұзылуларға байланысты «Д» есебінде тұрған 1 адам көмекші персонал болып еңбек еткен.
«Прокуратура шаралары бойынша білім беру ұйымында жұмыс істеуіне жол берілмейтін адамдармен еңбек шарттары бұзылды. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.
Мектеп директорына 25 АЕК (92 300 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.