ШҚО-дағы ауыл іргесіндегі жолда аю жүр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының тұрғындары ауыл іргесіндегі жолда аю жүргенін байқады.

Фото: видеодан алынған скрин

Аю ауыл іргесіндегі жолда жүргені түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап кетті. 

Осыған қатысты Марқакөл ауданының әкімдігі жауап берді.

- Ақжайлау мен Ұрұнхайка ауылдарының арасындағы жолда аюдың жүруіне байланысты Марқакөл орман шаруашылығының және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері оқиға орнында тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта аю таулы аймаққа қарай кеткен. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындар мен аталған жол учаскесімен қатынайтын жүргізушілерге қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - делінген ақпаратта.

Марқакөл орман шаруашылығы қызметкерлерінің мәліметіне сәйкес, зардап шеккендер жоқ. Жағдай құзырлы органдардың бақылауында.

Еске салсақ, осыған дейін Көлсайда аю қонжығымен бірге камераға түсіп қалғаны хабарланған.