ШҚО-дағы ауыл тұрғыны құсбегілік арқылы туризмді дәріптеп жүр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында құсбегілікті бекзат өнер ретінде ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін танытудың бір тетігі ретінде қарайтын отбасы тұрады. Бақытбек Манайұлы жұбайы Ардақ Жомартқызымен бірге құсын қолына алып, түрлі фестивальде туристер ықыласына бөленіп жүр. Kazinform тілшісі оны әңгімеге тартып көрді.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

— Сізді соңғы уақытта туристер назарына жиі түсіп жүрген тұрғындардың бірі десек артық айтқандық емес. Бүркітті қандай іс-шараларға алып шығасыз?

— Соңғы жылдары облыс аумағында ұлттық фестиваль, жиын, спорттық сайыстар жиі болып жүр. Солардың қайсысына барсақ та, қолына құсын көтеріп жүрген адамға көзқарас бөлек. Өңірдің әр түкпірінен, республика мен шетелдерден меймандар келетін іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысамын. Жұбайым да әркез жанымда. Шараға бармас бұрын қарапайым жүріс-тұрысымызды, бүркітпен серуендеу алаңын шамалап, бекітіп аламыз.

— Осыдан 2 жыл бұрын Ұлан ауданы аумағындағы Қызылтас тауына шығатын фестивальге де қатысқан едіңіз. Біреулер жүгіріп, біреулер асықпай жүріп шыға алмаған тауға сіз құсыңызбен бірге көтерілдіңіз. Сол кезден бері құспен суретке түсуді туризмді дамытудың бір амалы ретінде қарастырып келесіз бе?

— Иә. Бұл бір жағынан нәпақа табудың жолы. Онымен қоса, алыс-жақыннан келген қонақтар қызықтап, бүркітті сипап, суретке түскісі келіп жатады. Шығыс Қазақстанда құс ұшыратын адамдар көп екен деген түсінік қалыптастыру арқылы қонақтардың туған өлкемізге деген махаббатын туғызғым келді.

— Биыл Катонқарағай ауданына әнші Димаш Құдайбергенұлы келгенде де сізді жұбайыңызбен бірге көптің арасынан көрдік. Халық жан-жақтан қаумалап, суретке түсу үшін сіздерге кезекке түсіп жатты. Сол туралы айтып берсеңіз.

— «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» фестиваліне зайыбым Ардақпен арнайы бардық. Қонақ ретінде шақырылған едік. Сонда фотоаймақ ұйымдастырдық. Катонқарағайдағы дүбірлі думан тамаша өтті. Бекзат өнеріміз де дәріптелді, демалып та қайттық. Біз ұлттық құндылықты биікке шығарғымыз келеді.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

— Қашаннан бері құс баптап келесіз?

— Жалпы, өзім 2019 жылдан бері қыран баптап келемін. Бүркіт бір жылқының соғым етін жеп қояды. Бірақ оның да өз тәртібі бар. Сойылған мал етін мұздатқышқа салып қатырып, кейін біртіндеп жібітіп беріп отырамыз.

— Құстың қыстағы күтімі қалай?

— Аңшылық маусым ашылып, рұқсат алған соң қыран құсын ұшырамыз. Ал қыс кезінде алған аңның еті беріледі. Қысқасы, қыс пен жазғы күтім екі түрлі. Қазір асырап отырған қос қыраным — Қыран және Мұзбалақ. Катонқарағай ауданы Ұланнан біршама алыс. Бірақ апару кезінде бәлендей қиындық сезілмеді. Көліктің артқы салонынан орын дайындап, екеуін аман-есен жеткіздік.

— Түрлі іс-шараға барғанда ең алдымен кімдер қызығушылық танытып, суретке түсуге асығады?

— Бізге әсіресе туристер көп назар аударады. «Қолында құсы бар екен» деп тоқтай қалып суретке түсіп, таң-тамаша болып жатады. Табиғаттың сұлулығы мен бүркіттің сұлулығы қатарласып, тамаша көріністің куәсі болғандарын айтып кетеді. Біз де қуанамыз. Жалпы, қыран деген сөз аңды қырып алған құс дегенмен астасады. Кезінде бір ауылды асыраған құс қой, шіркін.

— Құс баптауды көбі аңшылық мақсатта қолға алған. Сіздер туризмді де насихаттап жүрсіздер. Осы бойынша тағы қандай ерекше жобалар мен жоспарларыңыз бар?

— Бүркітпен тойға шығып тұрамыз. Бірақ көп болмады. Отбасыммен бірге, тазы ертіп, екі бүркітімді қолға аламын. Көпшілікке ұнайтын секілді. Үйленетін жігітті алып шығамын, сосын тұсаукесерге де шақырып тұрады. Дәстүрді насихаттап, ата-баба мұрасын басқа да бағыттарда көрсетуге болады.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

— Соңғы сұрақ, бірі бүркіт, бірі қыран деп жатады. Екеуінің айырмашылығы бар ма?

— Екеуі бір ғой негізі. Бірақ айтылғанда әркімнің қалауы, жеткізуі түрліше. «Мұзбалақ» деп асқар шыңдарда жабайы аңға тырнақ салған епті құсқа әспеттеп атау берген. Алғыр, айлалы құс. Жұбайым екеуіміз осы істі барынша дөңгелетуге тырысамыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

Еске салсақ, бұған дейін әке жолын жалғаған шығысқазақстандық орманшы туралы жазғанбыз.