ШҚО-дағы балабақшалар маңындағы 500-ге жуық жол белгісін ауыстыру қажет

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы балабақшалар маңындағы 500-ге жуық жол белгісін ауыстыру қажет.

Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Өңірде балалардың жол-көлік оқиғаларынан зардап шегуінің алдын алу үшін білім ошақтары маңындағы жол белгілеріне, жаяу жүргіншілер өткелдеріне, жарық шамдары мен көлік тұрақтарына тексеріс жүргізілді.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, 455 балабақша мен қосымша білім беру мекемелерінің маңындағы 494 жол белгісін ауыстырып, 230 жол жылдамдығын шектейтін кедергіні орнату қажет. 

«Шығыс Қазақстандағы 343 мектептің 161-і көшенің негізгі жолына жақын орналасқан. Осындағы 223 жол белгісін ауыстырып, 34 жаяу жүргіншілер өткелінің алдына қосымша жарық шамдарын орнатып, 12 мектептің алдында көлік қоятын тұрақтар ұйымдастыру керек. Бүгінде арнайы Жол картасын жүзеге асыру аясында 415 жол белгісінің 56-сы ғана орнатылды. Оның ішінде Өскемен қаласында – 14, Шемонаиха ауданында – 34, Риддер қаласында – 6. Глубокое ауданында – 2», - делінген ақпаратта.