ШҚО-дағы бірнеше ауданда ауызсу сапасы талапқа сай келмейді

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында ауызсу сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізіліп жатыр.

Өңірдегі кейбір аудандарда ауызсудың сапасы химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша санитарлық нормаларға сай келмейтіні анықталды.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың алты айында облыс бойынша 1008 ауызсу сынамасы зерттелген. Соның ішінде 35 сынамада (6,6%) санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден асу фактісі тіркелген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 2,5% болған.

- Шемонаиха, Зайсан және Марқакөл аудандарындағы ауызсу сапасы талапқа сай келмеді. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша да ұқсас жағдай байқалды. 784 сынаманың 35-і (4,4%) санитарлық талаптарға сай болмай шықты. Бұл ретте бұзушылықтар Өскемен қаласында және Ұлан, Зайсан, Марқакөл, Алтай және Шемонаиха аудандарында тіркеліп отыр, - делінген ақпаратта.

Абырой болғанда, сапасыз ауызсудан инфекциялық аурулар тіркелген жоқ.

- Талапқа сай келмеген су сынамалары бойынша жауапты ұйымдар тарапынан құбырларды жуып-шаю және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Қайта алынған сынамалар ауызсудың белгіленген нормативтерге сай екенін көрсетті, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін биыл 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылатындығы жайлы жазғанбыз.