Өңірде медицина қызметкерлері тапшылығы мәселесі өте өзекті. 152 дәрігер тапшы болса, оның 114-і қалаларға керек. Әсіресе кадр жетіспеушілігі Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянск қалаларында байқалып отыр. Нақты айтқанда:
- Өскеменде – 52
- Алтайда – 28
- Риддерде – 10
- Шемонаихада – 9 дәрігер қажет.
- Бұл мәселе біздің өңірде ғана емес, республика көлемінде өзекті. Бұған қалаларда көтермеақы немесе жеңілдетілген несиелердің болмауы себеп. Ал ауылдарды «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қолдайды. Бұл жас мамандарды тартуға көмектеседі. Сондықтан да біз Денсаулық сақтау басқармасына және тиісті министрлікке Алтай мен Серебрянск қалаларында да осы бағдарламаны енгізуді сұрап, хат жаздық, - деді Алтай ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Олжас Нұрикенов.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының кадр тапшылығын шешуге сеп болып келе жатқаны рас. Қараша айында Қарағанды қаласынан Алтай ауданының Тұрғұсын ауылына жалпы тәжірибелік дәрігер Ажар Асқарбекова көшіп келген. Жас отбасыға бірден қызметтік үй берілді. Енді ол ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының біздің аяққа тұрып кетуімізге көмегі көп болды. Жұмыс іздеудің қажеті жоқ, жұмыс сені тосып тұр. Бұл жақта мені ғана емес, жолдасымды да жұмысқа орналастырды. Балаларды балабақшаға бердік. Әкімдіктен 400 мың теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Осындай жағдай жасалып жатқанда неліктен ауылға келіп, тұрғындарға көмектеспеске. Оған қоса заңға өзгеріс енгізіліп, Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылдан бастап 8,5 млн теңге бөледі», - деді Ажар Асқарбекова.
Расыменде сәуір айынан бастап ауылға көшіп келген аса тапшы мамандарға 100 АЕК көлемінде бір реттік ақшалай төлем беріледі. Шығыс Қазақстандағы 15 маман алдағы желтоқсан айында осы төлемді алады.
Қалаларда мұндай бағдарлама жоқ. Сол себепті аудан орталығындағы ауруханалардағы кадр тапшылығы мәселесі жыл соңына дейін шешілмеуі мүмкін. Жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, гинеколог, отоларинголог, невропатолог, анестезиолог пен реаниматолог, хирург, кардиолог, окулист және психиатр мамандары жетіспейді. Жергілікті тұрғындар медициналық көмек алу үшін бірнеше апта күтуге тура келетінін айтады.
Аурухана басшылары мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін аудан орталықтарында, шағын қалаларда жұмыс істеуге жеңілдіктер қарастырылуын ұсынып отыр. Бұл мәселені облыс деңгейінде шешудің әртүрлі әдістері қарастырылып жатыр. Өскеменде соңғы 5 жылда медициналық қызметкерлерге 8 қызметтік пәтер, 20 жеке тұрғын үй берілген.
«Медициналық ұйымдар өз қаражаттары есебінен тұрғындарды оқыта бастады. Бүгінде 27 тұрғын медициналық мекемелер есебінен, 32 тұрғын жергілікті бюджет есебінен Семей қаласында білім алуда. 2024 жылы 14 адам білім алып жатыр. Алайда бұл шаралар кадр тапшылығын толықтай жаба алмайды. Бұл мамандар бізге тек 2-3 жылдан кейін ғана келді, - дейді ШҚО Денсаулық сақтау басшысының орынбасары Айнаш Капанова.
Жас дәрігерлер қалаларда жұмыс істегісі келетіндіктерін жасырмайды. Инфрақұрылымы дамыған, жайлы жағдай жасалған. Алайда баспананың болуы – ең басты фактор.
«Өскеменде жұмыс істегім келеді. Бірақ ол жақта баспанамен қамтамасыз етпейді. Пәтер жалдаған қымбат. Көтермеақы да жоқ. Өзім шығысқазақстандық болсам да, басқа облыстан түскен ұсынысқа келістім», - деді медициналық ЖОО-ның түлегі Алина Ержанова.
Әзірге шағын қалаларды алпауыт өндіріс орны «Казцинк» құтқарып тұр. Кәсіпорын есебінен Алтай мен Риддер қалаларындағы жас мамандарға 1 миллион теңге көтермеақы, ал Серебрянскіде 2 миллион теңге беріледі. Өңірдегі медицина қызметкерлері тиісті министрліктер жұмыс істегісі келетін жас мамандарға қалаларда да жағдай жасап, өтініштерін қараусыз қалдырмас деп үміттенеді.
Осыған дейін вице-премьер Тамара Дүйсенованың ШҚО жұртшылығымен денсаулық сақтауды дамыту мәселелерін талқылағаны туралы жаздық.