ШҚО-дағы халықаралық фестивальде 40 тазы, 40 бүркіт пен 10 сұңқар жарыс жолына түсті

Фото: Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында «Шығыс салбурыны - 2023» халықаралық фестивалі өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, фестиваль Ұлан ауданы Бозанбай ауылындағы «Бүркіт төбе» ипподромында үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

Биыл турнирге Қазақстаннан бөлек Қытай, Моңғолия, Ресей және Қырғызстаннан қатысушылар келді.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Қазылар алқасы көрерменмен бірге 40 бүркіт пен 10 сұңқардың арасынан және ит жарысы бойынша 40 тазы тұқымдылардың арасынан үздіктерді анықтады.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

«Ежелгі заманнан бері құспен аң аулау өнері қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмысына мықтап енген. Ал қазіргі кезде мұндай жарыстарды өткізу қоғамның осы ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Бүркіттер мен сұңқарлар, басқа да аң аулайтын құстар — біздің ежелгі тарихымыздың тірі куәгерлері және жолсеріктері» — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Іріктеу кезеңінде жыртқыш құстар 700 метр қашықтықтан иесінің шақыруымен ұшып, қырандар шырға салудан сынға түсті.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Жартылай финалда қояндарды еркін аулау болды. Ал финал — түлкі аулаудан өткізілді.

Қорытынды бағдарламада иесінің шақыруымен қаршығаның, сұңқардың, бүркіттің ұшуы және ұшқан кезде ителгіні шырғаға салуы, бүркіттің түлкі, қоян аулауы, сұңқар мен қаршығаның көгершін аулауы өткізілді.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фестивальдің ерекшелігі — қазақы тазылардың 1000 метрге жүгіруі және асау жылқыларды қолға үйрету.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

«Нәтижесінде алматылық Алмас Сейітжан турнирдің үздік бүркітшісі атанды. Екінші және үшінші орындарды Жамбыл облысының өкілдері Серікболсын Жалғасұлы мен Болат Нұрдос иеленді. Риддер бүркітшісі Жұмағұл Ерсұлтан 4-ші орын алды. Алматы облысынан Мұрат Коденов үздік бестікті түйіндеді», — делінген ақпаратта.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Қаршыға сайысында шығысқазақстандықтар жеңімпаз атанды: Ғалым Самғат (1 орын) және Байетбай Ермұхан (2 орын).

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Үшінші орын Алматы облысынан келген Сейітжан Аянға бұйырса, 4-ші орынды Ресейден келген Константин Тихонов иеленді.

Сұңқарлар арасындағы жарысты Түркістан облысынан Еран Сандыбай жеңіп алды. 2-орынға қарағандылық Темірәлі Төлегенұлы, 3-орынға астаналық Ерасыл Серікбекұлы ие болды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Тазы жарысында «Шаша» атты тазы ит үздік атанды (иесі Нұрлан Тілеужанов, Жетісу облысы Сарқан қаласы).

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

2-орын «Лашын» атты тазыға берілді (иесі Мейір Жетпісов, ШҚО Тарбағатай ауданы).

Ал үшінші орын «Көк қасқа» атты тазы итке тиесілі болды (иесі Темірлан Азизов, ШҚО Зайсан ауданы).

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Асау үйрету бойынша Ұлан ауданы Бозанбай ауылының тұрғындары Манат Ақжол (1-орын), Маркс Ақжан (2-орын), Жанболат Сейіт (3-орын) алып, асау жылқыны бағындыра білетін ең жақсы атбегілер екенін көрсетті.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі