Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы ШҚО филиалының директоры Нұржан Әміржанов мәлім етті.
«Мекеме теңгерімінде 118 жалпы су шаруашылық объектісі, оның ішінде жеті су қоймасы бар. Атап айтсақ, Үйдене, Қандысу, орта Теректі, Алебастр және Абай облысына қарасты Шар, Қарақол су қоймалары. Көктемгі уақытта өзен арналары толып кетпес үшін су қоймаларынан су ағуын реттеу жұмыстары жүргізіліп отырды. Иннертті материалдар мен ыдыс-қаптар қоры уақытылы дайындалды. Соның нәтижесінде, биыл су тасқыны қаупі жоғары кезеңде облыс бойынша бірде-бір үйді су алмады», – деді ол.
Осы ретте, көпті толғандырған сауалдардың бірі – Тарбағатай ауданы аумағындағы Қандысу су қоймасының қашан жөнделетіні. Нұржан Әміржановтың айтуынша, осы мақсатта қаражат та бөлінген.
«Биыл су қоймасын жөндеуге республикалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін 10 млн теңге бөлінді. Қазіргі кезде су шаруашылығы комитеті шеңберінде мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізілді. Келісімшартқа қол қойылған», - деді филиал директоры.
Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу биыл аяқталып, келер жылдан бастап су қоймасында құрылыс-монтаждау жұмыстарына қажетті қаржы жұмылдырылады деп жоспарланған.