Өңірде биыл 256 қауіпті өндірістік нысанға тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талабын бұзудың 842 дерегі анықталды.
— Осы жылы облыс кәсіпорындарындағы пайдалану мерзімі өткен 600-ден астам техникалық құрылғы мен технологиялық желіні ауыстыру жоспарланып отыр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және ғылыми негізделген шешімдер әзірлеу мақсатында өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті жанынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық кеңес құрылды. «Казцинк» ЖШС және «Шығыстүстімет» ЖШС тау-кен кәсіпорындарында қауіпсіздік процестері цифрландырылып жатыр, — деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
5 мамырда «Казцинк» ЖШС мырыш зауытының электролиз цехында болған апатты және 30 мамырда «Шығыстүстімет» ЖШС Артемьев кенішінің жерасты учаскесінде жарушы маманның қаза болуына әкелген оқыс оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссиялар құрылған.
— Бірде-бір маңызды дерек назардан тыс қалмайды. Жауапты тұлғалардың әрекеттеріне түбегейлі баға берілетін болады. Аталған жұмыс тұрақты бақылауда, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да шахтер өлімінен кейін өндірістік нысандардағы қауіпсіздік деңгейі арттырылатындығы хабарланған.