ШҚО-дағы кент тұрғындары үйлеріне жылу берілмей жатқандығына шағымданды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Глубокое ауданы Белоусовка кентінің тұрғындары үйлеріне әлі жылу берілмегеніне шағымданды. Күн суып кеткендіктен кешке қарай үйде дірдектеп тоңып отыратындарын айтты. Kazinform тілшісіне мәселенің мәнісіне үңіліп көрген еді.

Фото: Глубокое кентінің тұрғындарынан

Белоусовка кентіндегі Центральная көшесінде орналасқан көпқабатты үйде тұратын халық қазан айының басында күн суытып кеткендіктен жылу беріле ме, деп үміттенген. Алайда бұл үміттері ақталмапты.

«Әлі күнге жылу берілген жоқ. Кешке жұмыстан үйге келгенде қалың киімімізді шешпейміз. Ұйықтағанда да бірнеше көрпені оранып алып жатамыз. Әкімдікке хабарласып та көрдік. Жылуды қосамыз деген. Бірақ әлі күнге дейін қоспады», - деді аты-жөнін атамауды сұраған көше тұрғыны.

Тұрғындар Kazinform редакциясына 7 қазан күні хабарласқан болатын. Анық-қанығын білу үшін аудан әкімдігіне ресми сауалхат жолдадық.

Фото: Глубокое кентінің тұрғындарынан

«Аудан әкімдігінің 30 қыркүйектегі №461 қаулысына сәйкес, Глубокое кентінде орталық жылумен жабдықталатын объектілердің жылыту маусымы 4 қазаннан, Белоусовка кентінде және Алтай ауылында 1 қазаннан басталды. Автономды қазандықтармен, электр қазандықтарымен және қатты отынмен жылытылатын әлеуметтік мақсаттағы объектілер мен кәсіпорындарда жылыту маусымы 1 қазанда басталған. Ал көппәтерлі тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және жылу энергиясын қабылдауға дайын ұйымдар жұмыс тәртібімен орталықтандырылған жылумен жабдықтау желілеріне қосылған», - деп жауап берді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Аян Макиев.

Центральная көшесі, 1 мекенжайындағы көпқабатты үйдің дайындық паспорты болмаған. Десе де 10 қазан күні дайындық жұмыстары аяқталып, үйге жылу беріліпті.

Фото: Глубокое кентінің тұрғындарынан

Әкімдіктің жауабын алған соң көше тұрғындарына қайта хабарласып көрдік.

«Иә, жылу берілді. Бірақ батареяларымыз әлі салқын болып тұр. Айтып едік, батареялардан су түсіріп жатқандарын, сосын жылитындығын жеткізді. Күтіп отырмыз», - деп жауап берді.

Айта кетейік, Глубокое ауданының халқы үшін жылыту маусымында жалпы көмір қажеттілігі 53 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда тұрғындар 50 350 тонна (95%) көмір сатып алған.

ШҚО-да қыс кезінде жолда қалғандар үшін 10 жылыту пункті жұмыс істейтінін жаздық.