21 қазан күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы Самар мен Күршім аудандарын жалғайтын Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір ашылды. Бұл еліміздегі ең ұзын көпір. Ұзындығы - 1316 метр. Екі жолақты көпір тәулігіне 80 мыңға дейін көлік өткізе алады.
Бұрын осы арада «Қызыл Ту» паром өткелі жұмыс істейтін. Ондағы бірнеше паром халықты арлы-берлі таситын. Алайда көпір ашылғаннан кейін паромдар қажеттілігін жоғалтты.
ШҚО әкімдігінің мәліметіншке, қазір паром өз жұмысын толыққанды тоқтатты. Ал 60 жылдан бері қолданыста болған екі паром күрделі жөндеуді қажет етеді. Паромдар жөндеуден өткен соң қайда жіберілетіні әзірге белгісіз.
«Васильев және Октябрь өткелдерінің жұмысын жандандыру туралы Алтай, Самар, Үлкен Нарын аудандарының тұрғындары сұраған еді. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ», - деп хабарлады ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан.
Еске салсақ, осыған дейін Бұқтырмадағы көпірге 100-ден астам камера қойылғаны хабарланған.
00:33, 24 Қазан 2024
ШҚО-дағы «Қызыл Ту» паром өткелі өз жұмысын толыққанды тоқтатты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасындағы «Қызыл Ту» паром өткелі өз жұмысын толыққанды тоқтатты