ШҚО-дағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Абай ауылдық округінің аумағында болған табиғи өрт оқшауланды. Өрттің бір бөлігі «Күршім орман шаруашылығы» КММ аумағына таралған.

Фото: ТЖМ

Қол жетуі қиын орман алқабындағы өртті сөндіруге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері, орман шаруашылығы қызметтері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.

Өрт ошағына «Қазавиаорманқорғау» десантын жеткізу үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшақтары мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің авиациясы тартылды.

Жерүсті техникасы бара алмайтын учаскелерде су төгу құрылғысымен жабдықталған ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы әуеден өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Барлығы жалпы көлемі 105 тонна суды құрайтын 35 рет су төгу жүзеге асырылды.

Сонымен қатар мамандар желдің бағыты мен өрттің таралуын тұрақты бақылауда ұстады.

Барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Елді мекендерге қауіп жоқ.