ШҚО-дағы Осинов асуында зақымданған көпір қалпына келтіріліп, қозғалыс ашылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуында зақымданған көпір қалпына келтіріліп, бүгін таңғы 06.00-де қозғалыс қайта жанданды.

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ

30 маусым күні ұзаққа созылған нөсер жауын-шашынның салдарынан Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнары тасжолының 64-шақырымында орналасқан Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірге зақым келген болатын. Соның салдарынан тасжолдың 6-66-шақырым аралығында бір оське түсетін жүктемесі 6 тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілген еді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірде жүргізілген апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының аяқталғанын хабарлады.

— Мамандар зақымданған тіректі қалпына келтіріп, бұрын бөлшектелген көпір элементтерін қайта орнатты. Сонымен қатар алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында беткейлерден суды ұйымдасқан түрде бұруға арналған қосымша науалар орнатылды. 8 шілде күні сағат 06:00–ден бастап көпір арқылы көлік қозғалысы толық көлемде қайта ашылды, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы Осинов асуында көпірге зақым келіп, қозғалыс шектелгені хабарланған.