ШҚО-дағы өзен-көлдер суын заңсыз пайдаланудың 10 дерегі анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан өзен-көлдер суын заңсыз пайдаланудың 10 дерегі анықталды.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Өңірде су ресурстарына түсетін жүктеме дәстүрлі түрде артатын вегетациялық кезеңде суды пайдалануға бақылау күшейтілді. Тексерулерді Ертіс бассейндік су инспекциясының мамандары Бас прокуратурамен бірлесіп әзірленген суды заңсыз алу мен өткізудің жолын кесу жөніндегі Жол картасы аясында жүргізіп жатыр.

Инспекция мәліметінше, мамандар күн сайын бекітілген су пайдалану лимиттерінің сақталуын қадағалап, шартсыз және рұқсатсыз су алу фактілерін анықтайды.

— Жыл басынан бері 10 тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде су заңнамасы талаптарын бұзудың 10 дерегі анықталды. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 1,3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, — деп хабарлады Ертіс бассейндік су инспекциясынан.

Ең көп заңбұзушылық Тарбағатай ауданында тіркелді (4 дерек). Ұлан және Күршім аудандарында екі деректен, Самар ауданында бір дерек анықталған.

— Бақылау тек жоспарлы іс-шаралармен шектелмейді. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар мен әлеуметтік желілердегі хабарламалар да тексеру жүргізуге негіз болады. Әр келіп түскен хабарлама бойынша жергілікті жерге барып тексеру жүргізіледі. Егер заңбұзушылық расталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Экология министрлігі Ақбұлақ өзеніндегі майлы дақтарға қатысты түсінік бергені хабарланған.