Аталған құжатқа бірнеше ірі кәсіпорын басшылығы қол қойды. Атап айтқанда, «Казцинк» ЖШС, «ТМК» АҚ, «УМЗ» АҚ, «Востокмашзавод», Өскемен май зауыты және барлық жылу энергетика нысандары – Өскемен ЖЭО, Согра ЖЭО, «Шығыс жылу» АҚ.
- Меморандумға қол қою рәсімінің 5 маусым – Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күнімен және экологтар кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуі – ерекше мәнге ие. Өнеркәсіптік кәсіпорындар басшыларына ашық диалог пен бірлескен жұмысқа дайын екені үшін ризашылығымды білдіремін. Тек серіктестік, өзара сенім және тұрақты даму арқылы ғана өңіріміздің экологиялық әл-ауқатын сақтай аламыз. Қатысушыларды осы құжатпен шектеліп қалмай, бұл бағытта жүйелі жұмысты жалғастырып, ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге, экологиялық жауапкершілік пен өндірістік мәдениетті арттыруға шақырамын, - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Меморандум қолайсыз метеорологиялық жағдай туындаған жағдайда және экологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде барлық тараптың үйлестірілген іс-қимылдарын айқындайды. Бұл – шығарындыларды жедел түрде азайту, ақпарат алмасудың ашықтығы, мониторингке қатысу және қоршаған ортаның ластануын болдырмауға бағытталған алдын алу шаралары.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі экология мәселесінің жай-күйі туралы мақала жариялаған едік.