ШҚО-дағы сауда орындарында бағаны негізсіз қымбаттатудың 82 фактісі тіркелді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында бағаны орынсыз қымбаттатып жіберген саудагерлерге айыппұл салынып жатыр.
13 наурыздан бастап елде сауда саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатайтатын түзетулер күшіне енген болатын. Сол уақыттан бері Шығыс Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнімдерді қымбатқа сатқан кәсіпкерлерге бақылау күшейтілді.
Белгілі болғандай, өңірде картоп, қырыққабат, ет бағасы қымбаттаған.
— Бағаны бақылау үшін өңірлік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жыл басынан бері 82 заңбұзушылық тіркелді. Кәсіпкерлерге хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - деп хабарлады ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасынан.
Айта кетейік, заң бойынша кәсіп иесі көтерме сатушының немесе өндірушіден сатып алған тауардың бағасына 15 пайыздан асырмай үстемеақы белгілеуі керек. Аталған мөлшерден асырған жағдайда келесідей әкімшілік айыппұл салынады: жеке және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 5 АЕК (19 600 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 35 АЕК (137 620 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (589 800 теңге). Бір жыл ішінде заңды қайталап бұзғаны үшін айыппұл екі еселенеді.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын өсірген шенеуніктер жазаланғаны хабарланған.