Бір ғасырдан астам жасаған кейуана маңызды саяси науқаннан шет қалмады.
Ел тарихындағы талай кезеңнің куәгері болған Қадиша Тұржанова өмір бойы бірде-бір сайлауды қалт жібермей, азаматтық ұстанымын білдіріп келеді. Бұл жолы да өз таңдауын жасап, дауыс берді.
– Ғұмырымда бірде-бір сайлауды жіберіп көрген емеспін. Өйткені ел өміріне араласуды әрдайым маңызды санадым. Міне, 104 жасымда да сайлаудан шет қалмадым. Қазақстанымызда әрдайым бейбітшілік, бірлік орнасын, еліміз өркендей берсін, – деді Қадиша Тұржанова.
Айта кетейік, бүгін өңірде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына әр буын өкілдері қатысып жатыр. Олардың қатарында алғаш рет дауыс беруге келген 18-дегі жастар да, ғасыр жасаған қариялар да бар. Жалпы облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 484 350 адам енгізілген.
Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада ҰОС ардагері сайлау учаскесіне барғаны хабарланған.