ШҚО-дағы Шемонаиха қаласында мыңдаған үй 1 мамырдан бастап газсыз қалайын деп тұр

Фото: Фото: Шемонаиха ауданының әкімдігінен

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха қаласында келесі айдан бастап көпқабатты үйлердегі газ өшіріледі. 

1 мамырдан бастап «ПКФ Капан» ЖШС Шемонаиха ауданының орталығындағы көпқабатты үйлерге газ беруді тоқтатады. Оған себеп — жабдықтың тозуы.

Белгілі болғандай, газ қысымын реттегіштердің одан әрі жұмыс істеуі қауіпті деп танылған. 2024 жылдың күзінде жүргізілген техникалық байқау кезінде талай ақау анықталды. «Группа компаний АС-АЛ» ЖШС сарапшылары жүйенің ескіріп кеткендігін мәлім еткен. Сондықтан компания әкімдікке 2025 жылдың 1 мамырынан бастап жабдықты толығымен ауыстыру қажеттігі жайлы хабарлаған.

Барлығы қаладағы 91 көпқабатты үйдің 37-сіне немесе 2 535 пәтерге газ беру тоқтатылады. Мәселеге қатысты Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кеңесбаев түсініктеме берді.

— Халық газды өшірмеуді сұрап жатыр, бірақ біз тәуекелге бара алмаймыз. Жаздағы ыстық ауа райында қауіп одан сайын арта түседі. Біз «ПКФ Капан» ЖШС-дан газды өшіріп қана қоймай, бүкіл жүйені: газ ұстағыштардан бастап ішкі қондырғыларға дейін толықтай диагностикалауды ұсындық, — дейді ол.

Әкімнің айтуынша, барлық жабдықтың тозығы жетпегені анықталса, ішінара жөндеуді қарастыруға болады. Қазір жергілікті билік тәуелсіз сарапшыларды іріктеу бойынша конкурс өткізу үшін құжаттарды жинап жатыр.

— Қорытынды шыққан кезде бұл жұмыстардың қаншаға бағаланатыны, бюджетте оған қаржының бар-жоғы белгілі болады. Әзірге ештеңе айта алмаймыз, — дейді Дидар Кеңесбаев.

Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде электр қуаты мен газ бағасы өзгергені жайлы жазғанбыз