ШҚО-дағы туристік жерлерге QR жолнұсқалар қойылмақ
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысына келетін туристерге арналған, туристік жерлер туралы ақпарат беретін QR жолнұсқалар қоғамдық орындарға қойылады.
Өңір табиғаты Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі халықтан бөлек, шетелдіктердің де зор қызығушылығын тудыратыны белгілі. Әсіресе Катонқарағай ауданы мен Бұқтырма өзені кеңінен танымал. Алайда сол жақтарға барғысы келетіндер әуелі Өскеменге келеді.
ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қаладағы әуежайға, қоғамдық көліктерге, қонақ үйлерге және басқа да туристік орындарға облыстың негізгі туристік жерлері туралы ақпарат беретін QR-жолнұсқалар қойылады. Туристер QR-кодты сканерлеу арқылы Шығыс Қазақстан бойынша қонақүйлер, дәмханалар, көрікті, мәдени және табиғи жерлер туралы толық ақпарат пен қажетті байланыс нөмірлерді ала алады.
— Сол арқылы халық бірден қайда демалуға, тамақтануға немесе тиісті көмек алуға болатыны туралы ақпаратқа қол жеткізеді. Жолнұсқалар әр адамға түсінікті әрі ыңғайлы болады, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да панорамалық вагондар жобасы неге іске аспайтын болғаны жайлы жазғанбыз.