ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Үлкен Нарын ауданының Алтынбел ауылындағы жағдай тұрақталды. Кеше бұл ауылда еріген қардан су деңгейі көтеріліп, 10 аулаға су кірген болатын.
– Қазіргі уақытта ауылдағы арықтың бөгеттері күшейтіліп, аулаға кірген су мотопомпалар арқылы шығарылды. Ауылға төніп тұрған қауіп жоқ, жағдай толықтай бақылауға алынды. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, - деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Елдос Байрахметов.
Сондай-ақ Үлкен Нарын ауылында 11 үйдің ауласынан су шығарылды. Арықтар тереңдетіліп, бөгеттер күшейтілуде. Жалпы аудандағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін 92 адам және 16 техника жұмылдырылған.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-дағы Үлкен Нарын ауданында 21 үйдің ауласын су басқаны хабарланған.