ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданының орталығындағы жылу қазандығынан ақау шықты.
3 наурыз күні Үлкен Нарын ауылындағы жылу қазандығында механикалық көмір жеткізу жүйесі істен шыққан.
«Қазіргі уақытта жұмысшылар көмірді қазандыққа қолмен салып жатыр. Оқиға орнына ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов, Өскемен және Алтай қалаларынан арнайы жұмыс топтары келді», - дейді Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов.
Оның айтуынша, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Алдағы 6-8 сағат ішінде қазандық жұмысы қалыпқа келтіріледі. Халықтан сабыр сақтап, түсіністік танытуды сұраймыз», - дейді әкім.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.