Зайсан ауданына қарасты Сарытерек ауылында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 2 көпбалалы отбасыға жаңа баспананың кілттері табыс етілді. Тұрғын үйлерде барлық жағдай жасалған. 4 бөлмелі үйдің көлемі – 91 шаршы метр. Өз үйлеріне кірген ата-аналар мен балақайлар мәз-мейрам.
Салтанатты шараға қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Еркебұлан Зағыпаров, Сарытерек ауылдық округі бойынша қоғамдастық мүшесі Бауыржан Тоқтасынов және ауылдық әйелдер кеңесінің төрағасы Аманжол Орумбаева құттықтап, ақжарма тілектерін айтты.
«Ауыл ақсақалы Базылхан Жанабаев ақ батасын беріп, әжелер шашу шашты. Содан соң жаңа баспаналардың лентасы қиылды. Үйлердің құрылысын сапалы жүргізіп, жұмысты абыроймен аяқтаған ауыл тұрғыны Дәулетбек Сәтбаевқа аудан әкімінің атынан Алғыс хат тапсырылды. Шара соңы ауыл өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен жалғасты», - деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Былтыр Зайсан ауданында 40 көпбалалы жанұя баспаналы болған. Бүгінде аудан бойынша 265 көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр.
«Жыл басынан бері баспана кезегінде тұрған 44 отбасыға үй кілттері берілді. Зайсан қаласынан 4 үй, қалғандары Қарабұлақ, Қаратал, Дайыр, Біржан, Сарытерек, Кеңсай, Айнабұлақ ауылдарынан. 2024 жылдың соңына дейін тағы біршама тұрғын үй салынып, кезекте тұрғандарға беріледі», - деп мәлім етті аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен.