ШҚО-дағы жол компаниясының директоры жұмыс істемеген адамдарды тіркеп, жалақы төлеп отырған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы жол компаниясының басшысы адамдарды жалған жұмысқа орналастыру фактісі бойынша сотталды. 

Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

ШҚО сотының мәліметіне сүйенсек, «ҚАЖсервис» ЖШС-ның облыстық филиалында қызметкерлерді жалған жұмысқа орналастыруға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталды. Аталған кәсіпорын республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстаумен айналысқан.

— Белгілі болғандай, кәсіпорынның бұрынғы директоры жұмысқа орналастырған адамдар еңбек келісімшарттарында көрсетілген міндеттемелерді іс жүзінде атқармаған. Соған қарамастан оларға жалақы есептеліп, жұмыс уақыты табельдері мен қаржылық құжаттар лауазымды тұлғалар мен олардың туыстарының өтініштері бойынша бекітіліп отырған, — делінген ақпаратта.

Әуелі бірінші сатыдағы сот айыпталушыға амнистия қолданған. Алайда көлік прокуратурасы бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Апелляциялық сот амнистия қолдануды негізсіз деп танып, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойды. Осылайша, айыпталушы кінәлі деп танылып, мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өндірілді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, осыған дейін Теміртауда 185 миллион теңгеге заңсыз цифрлық актив өндірген азамат сотталғаны хабарланған