ШҚО-дағы Алтай ауданының әкімдігі не себепті Ленин ескерткішін жөндеуге қаражат бөлгенін түсіндірді

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданының әкімдігі не себепті Ленин ескерткішін жөндеуге қаражат бөлінгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алтай қаласында жөнделіп жатқан Ленин ескерткіші қирап қалған болатын. Осыған байланысты қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.

«Биыл қала тұрғындарының өтініші бойынша Ленин ескерткіші тұрған орталық алаңның техникалық жағдайына талдау жүргізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына қоғам өкілдері кірді. Соған орай орталық алаң мен ескерткішті абаттандыруға және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 1 млн 400 мың теңге бөлініп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР заңына сәйкес конкурс жарияланды», - деп жауап берді аудандық ішкі саясат бөлімі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Үш рет жүргізілген конкурстық рәсімдерден соң мердігер компания анықталған. Ол 15 тамызда жұмысқа кіріскен. Екі күннен кейін Лениннің ескерткіші құлап, қирап қалды.