ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында бала терезеден құлап кеткен балабақшаның тәрбиешісі жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алтай ауданы білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға 11 шілдеде түс кезінде балалар ұйықтайтын уақытта болған. Тәрбиеші құжаттарды басып шығару үшін топтан шығып кеткенде бөлмеде тәрбиешінің көмекшісі қалған.
«Белгілі болғандай, бала тұрып, әжетханаға шығып кеткенін тәрбиешінің көмекшісі байқамады. Салдарынан бала екінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Жарақат алған бала ауруханаға жатқызылып, бір аптадан кейін шығарылды», - делінген ақпаратта.
Ведомство дерегінше, өз міндетін дұрыс атқармаған тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Ал тәрбиешінің көмекшісіне қатаң сөгіс жарияланды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.