ШҚО-дағы басқарма басшылары 720 ауылға барып, халықтың ұсыныстарын тыңдайды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәслихат депутаттары мен басқарма басшыларына 720 ауылға барып, халықтың ұсыныстарын тыңдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Даниал Ахметов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Онда тұрғын үй, әлеуметтік нысандар құрылысы сөз етілді.

«Нысандарды салатын мердігерлер барлық жұмыстардың нақты кестесі ұсынылған үш жақты құжатқа қол қоюлары қажет. Биыл біз бірқатар жобаларды аяқтаймыз. Атап айтқанда, Степной кентіндегі және Риддер қаласындағы мектептер, Өскемендегі 244 орындық жатақхана, Семейдегі оңалту орталығының құрылысы аяқталады. Осы айда Өскеменде әлемдік стандартқа сай салынған үстел теннисі орталығы пайдалануға берілмек», - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, ТҮКШ саласында 60-тан астам жоба іске асырылады. Олар сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңартуға, аудандарда блокты-модульді станциялар салуға және басқа да инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымға қатысты болып отыр.

«Облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары Шығыс Қазақстанның 720 елді мекенінің әрқайсысына жеке барулары қажет. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, халықтың ұсыныстарын тыңдап, әрбір елді мекеннің нақты даму жоспарын құру керек», - деді Даниал Ахметов.