ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында өрт сөндірушілер 40 гектарға жайылған тілсіз жаумен күресуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Малиногорск ауылдық округінде шөп өртенген.
«Жалпы ауданы 40 гектарға жеткен қызыл жалын орманға да жетті. Қазіргі уақытта өртке оранған орман аумағы 4,2 гектарды құрап отыр. Оқиға орнына 6 өрт сөндіруші, жергілікті атқарушы органның 50 қызметкері, 5 орманшы және 3 техника жұмылдырылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Сондай-ақ қосымша күш ретінде Асубұлақ кентінен 5, Көкпекті ауылынан 4 адам келе жатыр. Өскемен қаласынан 20 құтқарушы жолға шығуға дайындалуда.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.