ШҚО-дағы этномәдени ұйымдар сайлауға белсенді атсалысуға шақырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері халықтар Достығы үйіндегі Қоғамдық келісім орталығында жиын өткізді.

Жиынның негізгі тақырыбы - ҚР Президентінің V шақырылымдағы Парламент Мәжілісі депутаттарының уәкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатып, 2016 жылдың 20 наурызында сайлау өткізу туралы Жарлығы болды. Мемлекет басшысының халыққа арнаған үндеуіндегі әрбір пункт дөңгелек үстелге қатысушылардың тарапынан қызу талқыға түсті.

Шығыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени ұйымдарының көшбасшылары, Достық үйінің қызметкерлері бірауыздан парламенттік сайлау мен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларын бірге өткізу өте тиімді екенін атап өтті.

«Президентің мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы Жарлығы - қазіргі қиын-қыстау кезеңде өте орынды және дер кезінде қолға алынған қадам болды»,-дейді орыс мәдени орталығының жетекшісі Николай Зайцев.

Н.Зайцевтің пікірінше, әлемдік дағдарысқа байланысты алдымызда қиын кезеңдердің күтіп тұрғанын атап өткен Елбасының сөзіне құлақ түру керек. Сондықтан, қаржыны да, уақытты да, тіпті жұмыс орындарын да өте үнемдеу керек. «Біздің еліміз мұндай қиындықты алғаш ре көріп отырған жоқ, дегенмен бірлігімізді сақтай отырып, дамуға бет ала, қандай дағдарысты да жеңгенбіз. Бұл жолы да Қазақстан діттеген мақсатына жетеді дегенге кәміл сенемін. Себебі, Қазақстанның халқы бірге»,-деді сөзін түйіндеген Н.Зайцев.

Дөңгелек үстелдің соңында этномәдени бірлестіктердің жетекшілері Шығыс Қазақстанның халқын сайлауға белсенді қатысуға шақырып, үндеу қабылдады.