ШҚО-дағы Катонқарағай ауданында ұлттық спорт түрлері дамытылуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында ұлттық спорт түрлері дамытылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы аудан әкімі Ділдар Қалиқан «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Катонқарағай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Аудан бойынша бірқатар спорт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы Катонқарағай ауылындағы «Алтай» спорт кешені толықтай күрделі жөндеуден өткен. Бұл мақсатта 92 млн теңге бөлінген еді. Онда бокс, еркін күрес, дзюдо залдары ашылды. Сондай-ақ биыл аталған ауылда бассейн салынып жатыр», - дейді ол.

Ділдар Қалиқанның айтуынша, халықтың қай спортқа деген қызығушылығы бар, спорттың қай түрі жақсы дамып келе жатқандығын анықтау үшін әр ауылда зерттеу жүргізілді. Соған орай, әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп, аудан көлемінде түрлі сайыстар өткізілуде.

«Ұлттық спорт та назардан тыс қалған жоқ. Атын спортын, аударыспақты одан сайын дамытуды көздеп отырмыз. Ауданымызды аударыспақ бойынша өңірдегі ең алдыңғы қатарға көтергіміз келеді», - дейді аудан әкімі.