Бүгінде облыстағы санитарлық қызмет үш бағытта жұмыс істеуде. Бірінші бағыт бойынша шетелден келген азаматтарға арнайы мониторинг жасалып отыр. Екінші бағытқа сәйкес Бақты мен Майқапшағай кеден бекеттерінде санитарлық-карантиндік посттар құрылған. Бұл туралы ШҚО Аймақтық комуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы Нұрланғазы Ибраев мәлім етті.
«Коронавирустық инфекцияға қарсы дәрі-дәрмек қоры әзірленген. Сондай-ақ стационарларда сақтық шараларын күшейту мақсатында инфекциялық төсектер дайын тұр. Өңір бойынша коронавирус жұқтыру фактісі тіркелген жоқ», - деді ол.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты облыстың бас санитар дәрігері аймақтағы барлық ауданда арнайы комиссия құрған. Бұдан бөлек өңір тұрғындарының жұмыс уақытына өзгерістер енгізілді.