ШҚО-дағы кей бекеттерде жанармай не себепті сатылмай жатыр
Кешелі бері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде облыста жанармай тапшылығы туындағаны жайлы ақпарат тарады.
Осыған қатысты ШҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан жауап берді.
«Шығыс Қазақстанның кейбір жанармай құю бекеттерінде Аи-95 маркалы бензиннің уақытша сатылмауы логистикаға байланысты болды. Яғни, Павлодар және Шымкент мұнай-химия зауыттарында жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жанар-жағармай материалдарын жеткізуге өтінімдер Атырау МӨЗ-не жіберілді. Елдің батысынан шығысына жанар-жағармай жеткізу шамамен екі аптаға созылады», - деп хабарлады басқармадан.
Жанармай құю бекеттерінің иелері жеткізу шығындарына байланысты Аи-95 маркалы бензиннің бағасын көтеруі мүмкін.
Өйткені бұл - реттелмейтін отын түрі.
«Бүгінгі таңда жанар-жағармай материалдары барлық жанармай құю бекеттеріне жеткізілді. Отын тапшылығы жоқ. Жалпы облыс бойынша 157 бекет жұмыс істейді. Олардың қорында АИ-92 маркалы бензиннің – 7,8 мың тоннасы, АИ-95 – 2 мың тоннасы, дизель отынының – 3,7 мың тоннасы бар. АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 200-205 теңгеге дейін жетсе, АИ-95 224-254 теңге арасында сатылуда. Дизель отынының литрі - 295 теңге» делінген ақпаратта.