ШҚО-дағы кітапханада Балалар жылы аясында үздік жас оқырмандар марапатталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы кітапханада Балалар жылы аясында үздік жас оқырмандар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен қаласында орналасқан Оралхан Бөкей атындағы кітапханада балаларға арналған «Жаз кітаппен көңілді» атты байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Шара биылғы Балалар жылы аясында өткізіліп отыр. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін кітап оқуға байқау жарияланған еді. Соның қорытындысы енді жария етілді.

Байқау жазғы демалысының көп уақытын кітапханада өткізген кішкентай оқырмандар арасында болды. Конкурсқа барлығы 45 бала қатысты. Соның ішінде 4 бала жеңімпаз атанды. Байқауға қатысқан балалар шара барысында өздерінің кітап туралы ойларын, пікірлерін ортаға салды. Осы орайда ерекше бір айта кететіні, қаланың ең жас қаламгері Ерке Еркінова өзінің «Терек мамығы» атты ертегі кітабінің бір данасын кітапханаға тарту етті. Биыл ол жеті жасқа толып отыр. Ерке бұл кітапты осы жылы жазған. Алдымен осы терек мамығы туралы зерттеу жүргізген.

«Қызым мамықтан болған өрт оқиғаларының алдын алу үшін «Терек мамығы» атты ертегіні жазып шықты. Кітап екі қоян туралы. Қояндар мамықты қызықтап, жағып жіберген. Соның салдарынан табиғатқа зиян келген. Қызым бес жасынан бастап кітап оқып, өзі жұмбақ құрастырып, зеректік танытты. Алдағы уақытта кітапты өңірдегі басқа да кітапханаларға таратуды жоспарлап отырмыз», - дейді анасы Ақмарал Ермекова.

Шара барысында балаларға арналған кітап көрмесі ашылды. Кішкентай оқырмандар өздерінің демалыста оқыған кітаптарын әңгімелеп, өлең оқыды. Байқауға келген оқушылар Жібек маталар комбинаты ықшам ауданына үлкен кітапханының керектігін де айтып қалды.

«Байқау соңында барлық қатысушыға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Кітапхана – руханият ордасы. Сондықтан барлықтарыңызды кітапханада қосымша білім алып, кітап оқуға шақырамыз», - дейді кітапхана қызметкері Таунар Қайратұлы.