ШҚО-дағы медициналық мекемелерге ЖОО түлектері көптеп тартылуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында медицина саласын дамыту үшін бірқатар шаралар қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір бойынша шекаралық аудандардағы перзентханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар атқарылуда. Бұл жүкті әйелдердің өз ауылынан алысқа бармай-ақ босанулары үшін ғана емес, сондай-ақ дер кезінде сапалы ем алулары үшін жасалуда.

«Қазіргі уақытта акушерия, гинекология және неонатология саласының 210 дәрігері қосымша оқудан өтті. Оның ішінде 115-і акушерлік жұмыста кездесетін қиын жағдайларға байланысты қосымша білімдерін жетілдірді. Біз Өскемендегі Ана мен бала орталығы мен Семейдегі перинаталдық орталықты шала туған балаларға арналған кабинеттермен жабдықтадық. Бұл заманауи жабдықтар салмағы 500 грамнан басталатын сәбилерді күтуге көп көмек болады. Биыл облыстың медициналық мекемелеріне өзіміздің университеттің түлектері жұмысқа барды. Олардың қатарында 26 акушер-гинеколог, 11 анестезиолог, 17 педиатр және 6 неонатолог бар», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығының ашылуы медицина саласындағы үлкен жетістік.

«Жыл сайын еліміздің 4500 азаматы онкологиялық аурудан емделуді қажет етеді. Енді олар жоғары технологиялық бірегей медициналық жабдықпен диагностика жасатып, емделе алады. Сондай-ақ COVID-19 вирусына қарсы вакцина алу мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Әсіресе, қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндер, ең алдымен қоғамдық тамақтану орталықтарының қызметкерлері мен такси жүргізушілерінің вакцина алғаны абзал. Себебі олар көптеген адамдармен бетпе-бет кездеседі», - деді облыс әкімі.