ШҚО прокуратурасы кәсіпкерлерді мерзімі өткен құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапқа тартудың жүйелі фактілерін анықтады.
«Атап айтқанда, Өскемен қаласының мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша аударымның жоқтығы үшін жауапқа тартқан. Алайда құқық бұзушылық жасалған сәттен бастап және факт анықталуына дейін 2 жылдан астам уақыт өтті. ҚР ӘҚБтК 62-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам құқық бұзушылық жасалған кезден бастап екі ай өткен соң әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды», - делінген ақпаратта.
Осыған орай прокуратура мемлекеттік кірістер органының қаулысына наразылық енгізген. Наразылық қанағаттандырылып, кәсіпкердің құқығы қорғалды.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге қатысты тағы 56 заңсыз әкімшілік іс анықталып отыр. Оларға да наразылық енгізілген. Бүгінгі таңда 19 наразылық қанағаттандырылды.