ШҚО-дағы Самар ауданында жасалған балық өнімдері Еуропа елдеріне экспортталуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Самар ауданында жасалған балық өнімдері Еуропа елдеріне экспортталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы аудан әкімі Раджан Сейтқанов «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Самар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.

«Ауданымыз Бұқтырма су қоймасының жанында орналасқан. Соған орай балық өндіру өнеркәсібі қарқынды түрде дамып келеді. Екі компания көксеркенің сүбесі сынды түрлі балық өнімдерін шығаруда. Осы өнімдер тек Қазақстанның ішкі нарығына емес, басқа мемлекеттерге де жіберілуде. Нақты айтқанда, Еуропа елдері мен Ресейге экспортталуда. Тауардың сыртқы қаптасында «Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы» деп жазылып тұр. Осылайша өзіміздің отандық тауарлар шетелдіктерге паш етілуде», - деді ол.

Раджан Сейтқановтың айтуынша, ауданда агроөнеркәсіптік кешен саласына да баса мән беріліп отыр. Осы жылғы егіс алқабы 65 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар – 26 мың гектар, майлы дақылдар – 36 мың гектар.

«Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген аудан тұрғындары заман талабына сай материалдық-техникалық базаларын нығайтып, жаңа техникалар сатып алуда. Осының арқасында жұмыс тиімділігі арта түсуде. Бұдан бөлек, мал шаруашылығы да дамып жатыр. Биыл Миролюбовка ауылындағы шаруа қожалығы 200 басқа арналған бордақылау алаңын салды. Жалпы аудан бойынша 19 502 ірі қара, 10 мыңнан астам жылқы бар», - деді аудан әкімі.