ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы шаруа қожалығында 600 тонна пішен өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Тарлаулы ауылындағы шаруа қожалығының аумағында өрт шыққан.
«Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткен кезде 600 тонна шөп жанып жатты. Көп ұзамай құтқарушылар 540 шаршы метр аумаққа жайылған тілсіз жауды ауыздықтады. Өртті өшіруге жеке құрамнан 5 адам мен 1 техника және шаруа қожалығынан 12 жұмысшы мен 4 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, департамент мамандары өңір жұртшылығына өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.