Бұл жайлы Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраров мәлім етті.
«Өңір бойынша осы жылы жол жөндеуге қатысты 122 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Семейдегі көлік көпірін қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Жоба құны – 30 млрд теңгеден асады. Құрылысты бастауға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Өскеменде трамвай жолдарын жаңғырту, Белинский, Карбышев, Базовая көшелерін реконструкциялау көзделуде», - деді ол.
Белоусовка ауылында екі көпірдің құрылысы басталған. Бұдан бөлек, былтырдан бері Риддер қаласындағы Филипповка мен Үлбі өзендері арқылы өтетін көпірлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаны биыл аяқтауға 37,5 миллион теңге бөлінген.
Шекаралық аудандарда жолдар мен көшелерді орташа жөндеу бойынша 37 жоба іске асырылады. Оның ішінде Катонқарағай ауданында – 7, Күршім ауданында –2, Тарбағатай ауданында – 9, Үржар ауданында – 8, Бородулиха ауданында – 5, Шемонаиха ауданында – 6 жоба.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да биыл өрттен қаза болғандар саны 46 пайызға азайғанын хабарлаған едік.