ШҚО-дағы су тасқыны: Глубокое ауданының тұрғындарына көмек картасы таратылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамы Глубокое ауданында тасқыннан зардап шеккен 99 отбасыны 10,4 млн теңгенің көмек картасын таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қайырымдылық шараны аталмыш ұйым Болат Өтемұратовтың қорымен бірлесіп өткізуде. Бұған дейін Аягөз ауданында дәл осындай көмек шарасы ұйымдастырылған болатын.

Глубокое ауданында тасқыннан зардап шеккен 195 отбасы, яғни 630 адам бар. Қайырымдылық ұйымы солардың ішіндегі әлжуаз топтарға көмек көрсетпек. Алдын ала жүргізілген талдаулар нәтижесінде ұйым өкілдері 347 адамды қамтитын 99 отбасын іріктеп алған екен. Оның көбі үйі түгел қирағандар мен зейнеткерлер, мүгедектер мен жалғызілікті аналар, тұрмысы төмен отбасылар.

«Көмек картасын бүгін таратып біттік. Қызметкерлеріміз Глубокое, Белоусовка кенттерін, Веселовка, Заречное, Предгорное, Прогресс ауылдарын аралап, көмек қажет үйлерге карта апарып берді. Облыс орталығына бара аламайтындарға арнайы көлік ұйымдастырамыз. Олар біз берген карта арқылы қажетті азық-түлік пен гигиеналық күтім заттарын, асхана бұйымдарын, киім-кешек пен дәрі-дәрмек алады. Біз берген карта Өскемендегі терминалы бар кез келген дүкенге жарамды. Жалғыз ғана шарт, картаға табак және ішімдік өнімдері берілмейді. Таратылған карталардың жиынтық құны 10 410 000 теңге»,- дейді ұйымның төтенше жағдай бойынша үйлестірушісі Руслан Хрущев.