Зырян ауданының халқын әбігерге салған өзеннің бірі - Старушка. Өзен арнасынан асып, айналма каналды жанай өтіп, аудан орталығындағы үйлерді су астында қалдырған болатын.
«Апат салдарын жоюға жұмылдырылған әскерилер мен құтқарушылар «демалыс» деген ұғымды ұмытып, тәуліктік жұмысқа көшкеніне бірнеше күн болды. Барлық гарнизондар тәулік аралатып кезекшілікке түсіп жүр. Су алған 9 ауылдың бірі - Малеевте де осыған ұқсас жағдай көрініс алған. Тоң бетімен тасыған сең 7 метрлік дамбыдан асып, 102 үйді басып қалды. Ауылдың көнекөздері мұндай апатты туғалы көрмегендерін айтуда. Құтқарушылар тасқын салдарымен күресіп қана қоймай, мұз кептелген тұстарда бірнеше жарылыстар да ұйымдастырды» - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз бөлімінің басшысы Анастасия Скляр.