ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері құтқарушылар жер үйлерді аралап, 200 000-нан астам нұсқаулық жүргізді. Соның барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 27 000-ға жуық фактісі анықталды.
«Оның 13000-нан астамы пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауға, 9000-нан астамы электр жабдықтарын қолданғанда қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты болып отыр. ТЖД мамандарының уақтылы жүргізілген алдын алу шараларының арқасында бүгінде тұрғындар 5000-нан астам бұзушылықты жойды. Үй иелеріне пешті жылыту және электр аспаптарын пайдалану ережелері бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар өткізілді», - делінген ақпаратта.
Рейдтерден бөлек, құтқарушылар әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне өрт шыққанын хабарлайтын датчиктерді орнатуда. Қазіргі уақытта 2000-нан астам үйге осындай құрылғы орнатылған.
Айта кетейік, 2022 жылдың басынан бері облыс бойынша жер үйлерде 744 өрт шыққан. Ал 2021 жылдың осы кезеңінде 782 рет өрт болды.