Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Алайда екі жылдан кейін жол салушылар орман шаруашылығының жеріне кіріп кеткендіктен құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Содан бастап әлі күнге дейін бұл жол салынып бітпеді.
Осыған байланысты жаз шыққанда Бұқтырмаға барып демалғысы келетін халық Осинов асуымен қатынап жүр. Бұрылысы, өрі мен еңісі көп жолда жол апаты жиі тіркеледі. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Кошербаевтың айтуынша, оқыс оқиғалар тек жолдың қауіптілігінен ғана емес, жүргізушілердің кінәсінен де жиі болып жатады.
«Соңғы кезде болған жол апаттарына жүргізілген талдау барысында көп жағдайда жүргізушілердің қарсы қозғалыс жолағына шығып кететіні, өрге көтерілгенде алдындағы көлікті басып озбақ болатыны, қауіпсіз жылдамдықты сақтамайтыны белгілі болды. Сондықтан Полиция департаменті мен аудан әкімдігі бірлесіп, осы мәселеге мән бергені дұрыс. Мүмкін тәулік бойы полиция кезекшілігін ұйымдастыру керек», - дейді облыс әкімі.