ШҚО-дан 2,6 мың литрден астам дизель отынын заңсыз шығармақ болғандардың жолы кесілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы «Майқапшағай» кеден бекетінің қызметкерлері Қытайға 2,6 мың литрден астам дизель отынын заңсыз алып өтпек болғандардың жолын кесті.

Фото: tgavto.ru

ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, заңбұзушылық мемлекеттік шекара арқылы өтіп бара жатқан Қытай Халық Республикасының азаматтары басқарған төрт жүк көлігін тексеру барысында анықталған.

– Тексеру кезінде көліктерден арнайы жасалған қосымша жанармай бактары табылды. Заңсыз әкетілмек болған дизель отынының жалпы көлемі шамамен 2 640 литрді құрады, – делінген ақпаратта. 

Жасырын түрде жанармай тасымалдау қолданыстағы заңнамаға қайшы. Осыған байланысты төрт жүргізушінің әрқайсысына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 590-бабы 7-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді. Әрқайсысына 32 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды.

– Жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету әрекеттерінің жолын кесу бойынша жұмыстар күшейтілген режимде жалғасуда. Бұл шаралар ішкі нарықты қорғауға және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстаннан жанармайды заңсыз шығарудың 392 дерегі анықталғаны хабарланған.