ШҚО дәрігерлері биыл науқастарға 500-ден астам жоғары технологиялық операция жасады
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде жыл басынан бері түрлі науқастарға 552 жоғары технологиялық ота жүргізілген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда біршама көп. Өткен жылы 440 ота жасалған болатын.
Медицина мекемелеріне 6 жаңа жабдық сатып алынбақ. Бұл жоғары технологиялық медициналық қызметтердің тағы 14 түрін жүргізуге мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтың айтуынша, қазір 19 дәрігер шетелде біліктілік арттыруда. Алдағы уақытта тағы 54 маманды үздік клиникаларда оқыту жоспарланып отыр. Оның 20-сы онкогематология саласында тер төгіп жүргендер.
«Сондай-ақ біздің дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық кардиология және нейрохирургия орталығында Юрий Пядан дәріс алады. Ана мен бала орталығында зертханалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи жабдықты орнаттық», - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында 2 мыңнан астам адамды кене шаққанын хабарлаған едік.