СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының қызметкерлері 55 жастағы ер адамға ота жасап, өкпесінен көлемі тауық жұмыртқасындай ісікті алып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Науқас онколог-дәрігерлерге өкпенің төменгі бөлігіндегі ісікке байланысты жүгінген. Тексеруден және операцияға дейінгі дайындықтан кейін ол Ядролық медицина және онкология орталығына жатқызылды. Хирургтер ісікті торакоскопиялық әдіспен алып тастады.
Өкпеден алынған көлемі тауық жұмыртқасындай ісік зертханаға гистологиялық зерттеуге жіберілді. Соның нәтижесіне орай одан кейінгі ем-дом тағайындалмақ.
Айта кетейік, отаны Ядролық медицина орталығының онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Шыңғыс Әділғазыұлы жасады. Хирургтің көмекшісі - Әміржан Абешов, мейірбике - Айгүл Баяхметова, анестезиолог - Сымбат Қайрашова. Қазір науқастың жағдайы қалыпты.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.