ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрын жүрек ырғағы бұзғылған науқастарға ем алу үшін елордаға немесе шетелге баруға тура келетін. Енді жоғары технологиялық медициналық көмек облыс тұрғындарына МӘМС аясында қолжетімді болып отыр.
Мәселен, Өскемен қаласының тұрғыны Оралбек Мамырқанов екі жыл бұрын жүрегінің еш себепсіз тез соғып кететіндігін байқаған. Ентігу, тұрақты әлсіздік пайда болып, бойын қорқыныш билей бастаған. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет ауруханаға түсіп, емделді. Бірақ жағдайы сол күйі жақсармады.
«Мен небәрі 65 жастамын. Қоғамға, отбасыма өз пайдамды тигізгім келеді. Туыстарым қатты қобалжыды. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ауруханадан шығуға дайындалып жатырмын. Инновациялық медицина бөлімшесінің дәрігерлеріне алғысым шексіз. Ал медициналық сақтандырудың арқасында маған бұл көмек еш ақысыз көрсетілді», - дейді азамат.
Зейнеткер облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың инновациялық медицина бөлімшесіне түскен. Онда дәрігерлер электрофизиологиялық зерттеулер жүргізді. Содан кейін олар жүрек ырғағын бұзатын нервтердің радиожиілік абляциясын жасауды ұйғарды. Бүгінде науқас сырқатының беті қайтты.