ШҚО дәріханаларында 3 фармацевт психотроптық заттарды заңсыз сатқан

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы дәріханаларда психотроптық заттарды заңсыз сатқан 3 фармацевт анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Дәрмек» жедел-алдын алу шарасын жүргізді.

Ондағы мақсат – медициналық мекемелерде, дәріханаларда есірткі мен психотроптық заттарды сатып алу, сақтау және пайдалану ережелері бұзылуының жолын кесу. Нәтижесінде, есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 5 қылмыс және 10 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

«Атап айтқанда, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар препараттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін 5 медицина қызметкеріне қатысты іс қозғалды. Дәріханалардан құрамында психотроптық заттар қосылған препараттарды рецептсіз сату фактісі бойынша 3 фармацевт жауапқа тартылды», - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ шара барысында заңсыз айналымнан 737,16 грамм есірткі мен психотроптық заттар, 64 тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленген.