ШҚО-ға көшіп келген екі отбасы уәде етілген үйдің берілмегеніне шағымданды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына мемлекеттік бағдарламамен басқа өңірден көшіп келген екі отбасы өздеріне уәде етілген үйлердің берілмегеніне шағымданды. Ал жергілікті билік өкілдері олардың бағдарлама талаптарына сай келмегенін айтып отыр. Kazinform тілшісі мәселенің мәнісіне үңіліп көрді.

Фото: Болат Досбаевтың жеке мұрағатынан

«Қабырғасы құлап жатыр»

Тарбағатай — Шығыс Қазақстандағы шекара маңындағы аудандардың бірі. Халық саны азайып бара жатқандықтан, оған басқа өңірлердің тұрғындары мемлекеттік бағдарлама аясында тартылып жатыр. Сол бойынша көшіп келгендердің бірі — сегіз бала тәрбиелеп отырған Болат Досбаевтың отбасы.

Фото: Болат Досбаевтың жеке мұрағатынан

2026 жылдың наурыз айында Алматы облысының Іле ауданынан Ахметбұлақ ауылына қоныс аударған олар үш айдан кейін отбасының әр мүшесіне біржолғы төлем берілгенімен, баспана мәселесі әлі күнге дейін шешілмегенін айтады.

— Бізге уақытша тұратын үй берілді. Жергілікті билікке бірнеше рет айттық, бірақ нәтиже жоқ. 15 күн ішінде беріледі деген баспананы алты айға жуық уақыт өтсе де, әлі ала алмай отырмын. Қазір едені опырылған, шатыры құлап тұрған үйде тұрып жатырмыз, — дейді Болат Досбаев.

Фото: Болат Досбаевтың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, ауыл ішінен 2,5 млн теңгеге сатып алынған үйді кәсіпкерлер жөндеп, кілтін табыстағаннан кейін баспананы рәсімдеу тоқтап қалған.

— Оған себеп ретінде банк шоттарымның бұғатталғанын айтып отыр. Кейін үйді жұбайымның атына рәсімдемек болғанда, оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында тұрақты аударымдарының болуы талап етілген. Ал жұбайым балаларға қарап отырғандықтан, тұрақты табысы жоқ. Енді сегіз баламмен қайтадан Алматы облысына қайтсам, жалдамалы пәтер табудың өзі қиын. Екі ортада қалып отырмын. Бағдарлама арқылы көшіп келген соң ең құрығында үй мәселесін шешіп берсе екен, — дейді ол.

Фото: Болат Досбаевтың жеке мұрағатынан

Бұдан бөлек, аталған ауылға көшіп келген Жандос Хазымның отбасы да үй берілмегеніне шағымданды. Төрт айдай уақыт бұрын Талдықорғаннан қоныс аударған алты бала тәрбиелеп отырған отбасы уақытша баспанада тұрып жатыр.

Әкімдік не дейді?

Тарбағатай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Құрманғазы Слямжанов екі отбасыға не себепті әлі күнге дейін үй берілмегенін түсіндіріп берді.

— Отағасы Болат Досбаевтың банк шотында бұғатталулар болуына және несие тарихының «қара тізімде» болуына байланысты ол бағдарлама талаптары бойынша жеке өзі өңірлік квотадан өтпеген. Бағдарлама шартына сәйкес, тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, дайындалды және ол жұбайы Анжела Золотореваның атына рәсімделуге тиіс болды. Дегенмен заң бойынша жылжымайтын мүлікті жұбайының атына тіркеу үшін Болат Досбаевтың нотариаттық келісімі талап етіледі. Ал Болат Досбаевтың банктік шоттарының бұғатталуы мен несиелік берешегі дәл осы нотариаттық келісім беру және мүлікті заңдастыру процесіне тікелей кедергі келтірді. Осы заңнамалық кедергіге байланысты қазіргі таңда тұрғын үй ресми түрде жеке меншікке берілген жоқ, — деді ол.

Осы ретте «Бағдарлама талаптарына сәйкес қатысушылардың құжаттары, оның ішінде міндетті әлеуметтік аударымдарының кейінгі 6-12 айда төленуі, жеке несиелік берешегі және өзге де талаптарға сәйкестігі қоныс аудармас бұрын тексеріле ме?» деген заңды сауал туындайды. Бөлім басшысына бұл сұрақты да қойдық.

— Азаматтарды өңірлік қоныс аудару квотасына енгізу процесі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығымен бекітілген «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Өтінішті «Enbek.kz Migration» порталы арқылы тапсыру кезінде қатысушылардың негізгі құжаттары жүйеде автоматты түрде тексерістен өтеді. Дегенмен аталған № 234 бұйрықтың ережелерінде азаматтардың міндетті әлеуметтік аударымдарын алдын ала тексеру қарастырылмаған. Қатысушылардың, оның ішінде отбасындағы еңбекке қабілетті адамдардың «үзіліссіз кейінгі 12 айдағы міндетті әлеуметтік аударымдарының болуы» туралы жаңа талап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 28 мамырдағы № 209 бұйрығымен енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес белгіленді. Осыған байланысты аталған заңнамалық талапқа сәйкестік тұрғын үйді ресми түрде жеке меншікке рәсімдеу кезеңінде анықталып, талаптар толық орындалмағандықтан, тұрғын үй берілмеді. Азаматтардың жеке несиелік берешегі мен банктік шоттарына қатысты шектеулерді алдын ала тексеру Мансап орталығының құзыретіне жатпайтындықтан, анықталмады, — дейді Құрманғазы Слямжанов.

Оның айтуынша, Жандос Хазымның отбасына үйді рәсімдеу кезінде «кейінгі 12 айда төленген» міндетті әлеуметтік аударымдарының болуы талап етілді. Дегенмен аталған талап сақталмағандықтан, тұрғын үйді заңнамада көзделген мерзімде меншікке рәсімдеу мүмкін болмады. 

— Отбасын баспанасыз қалдырмау мақсатында Ахметбұлақ ауылында уақытша тегін тұрғын үй берілді. Заңнама талаптары орындалғаннан кейін тұрғын үйді рәсімдеу мәселесі белгіленген тәртіппен қаралады, — деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

Белгілі болғандай, Болат Досбаевтың отбасына көшуге арналған біржолғы материалдық төлем 2 724 750 теңге мөлшерінде төленген. Мамыр және маусым айларында екі айға жиыны 727 044 теңге атаулы әлеуметтік көмек, екі балаға мамыр-маусым айларына 25 952 теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік пакет берілді. Ал Жандос Хазымның отбасына 2 422 000 теңге көлемінде көшуге арналған біржолғы материалдық төлем, мамыр және маусым айларында екі айға жиыны 150 834 теңге атаулы әлеуметтік көмек, екі балаға мамыр-маусым айларына 25 952 теңге мемлекеттік әлеуметтік пакет берілген. Сондай-ақ аудандық комиссияның шешімімен, аталған екі қоныс аударушы отбасыға қосымша 200 000 теңгеден біржолғы қаржылай көмек көрсетілді.

Еске салайық, осыған дейін қоныс аудару және жұмысқа орналасу мүмкіндігін енді онлайн бағалауға болатынын хабарлағанбыз.