Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиолланова арнайы брифингте айтты. Вакцина Өскемен бойынша №2 қалалық емханада, Семей қаласында да №2 емханада ақылы түрде қойылады. Британиялық препарат жұқпаның А, С, W135, Y топтарына арналған.
«Жалпы менингококк қоздырғышы 12 топқа бөлінеді. Біз әкелген екпе соның төрт тобына жарамды. Қорғау тиімділігі 70 пайыз деп бағаланған. Бір рет екпе қабылдаған адамның ағзасында 5-6 жылға дейін иммундық жады сақталады. Биылдан бері біздің облыста аталмыш дерттен көз жұмғандар жоқ. Яғни, өңірде жұқпаның нақты қай түрі таралуы мүмкін екені белгісіз», - деді Райфа Сафиолланова.
Оның айтуынша, барлық медбикелерге екпені салу тәсілдері үйретілген. Ауыл тұрғындары оны аудандық ауруханалардан алатын болады.
«Екпенің қазіргі бағасы 21 мың теңгеден асады. Бұл - республикадағы ең төменгі баға. Өзге өңірлерде дәл осы вакцина 35 мың теңгеге қойылып жатыр. Бағаның өсуіне жол бермес үшін, қатаң бақылауға аламыз», - деді басқарма өкілі.